Жаңалықтар
"Біздің жаттықтырушы" айдары: Максим Оборовский
Сіздерді бүгінгі «Біздің жаттықтырушы» рубрикасында баскетболдан шәкірт тәрбиелеп жүрген Максим Оборовскиймен таныстырғымыз келеді.
Максим Оборовский – 10 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Соңғы 3 жылда «Астана» балалар баскетбол академиясында қызмет етуде. Еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен кәсіби спортқа ауысып, бар білімін жастарға үйрету туралы шешім қабылдапты.
Максим шәкірттеріне баскетболдың қыр-сырын ұғындырып, керек кезінде қолдауы мен мотивациясын аямайды. Спортшылардың қызығушылығын одан әрі арттыру үшін барын салатынын айтты. Осының нәтижесінде командасы қалалық чемпионаттарда талай мәрте жүлдегер атанған, жуырда 2012 жылы туған баскетболшылары Щучинсктегі ел біріншілігінде жеңіске жеткен.
Бұл көрсеткіш – Максим Оборовскийдің кәсіби шеберлігінің дәлелі іспеттес. Дегенмен, жаттықтырушы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Балаларды мықтап дайындап, жаңа чемпиондарды шығару үшін өңірде баскетбол спортының дамуына елеулі үлесін қосып келеді.