Бүгін Астанада республикалық «Сарыарқа» велотрегінің залында баскетболдан ұлттық лиганың ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті ойыны өтті.

05.02.2014

«Астана» баскетболшылары өз алаңында ақтаулық «Каспий» клубын қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, бұл командалардың биылғы маусымдағы 5-ші кездесуі. Бұған дейінгі кездесулерде «Астана» сенімді жеңіске жеткен болатын (100:57, 83:65, 99:95, 87:73).

Бүгінгі кездесу де сенсацияға айналған жоқ.

Александр Трифуновичтің командасы ВТБ Лигасындағы сәтті ойындардан кейін босаңсымай, кортта жауынгерлік рух көрсетті.

Рас, матчқа барлық құрам қатысқан жоқ, жарақат алған Брион Раш пен демалыс алған Андрия Жижич ойынды трибунадан тамашалады.

Матчтағы есепті қонақтар ашты. Бұған жауап ретінде Анатолий Колесников командасына 2 ұпай әкелді. Одан кейін астаналықтар сәтті шабуылдарға ұласты. Ойынның алғашқы он минуты 29:17 есебімен астаналықтардың пайдасына аяқталды.

Матчтың екінші кезеңі белсендірек өтті. Екі команда да әдемі ойын көрсетуге тырысты, бұл негізінен нәтиже берді. Бірақ Астананың матч басында қойған 10 ұпайлық шегі кездесудің бірінші таймының соңына дейін сақталды – 42:27.

Кездесудің келесі екі кезеңі де тартысты өтті. Джанис Блумс жанкүйерлерді өзінің үш ұпайлық соққыларымен қуантты, ал Дэвид Саймон керемет тосқауылдар көрсетті. Бұрынғы «Каспий» ойыншысы, қазір астаналық мықты шабуылшы Виталий Лапченко жақсы ойын көрсетті.

Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында баскетболдан Қазақстан чемпионаты. «Астана» - «Каспий»

Кездесу 82:54 есебімен еліміздің қазіргі чемпионы «Астана» БК пайдасына аяқталды.

Матчтың үздіктері: Янис Блумс – 15 ұпай, Бранко Цветкович – 12 ұпай, Дмитрий Климов пен Максим Марчук 6 ұпайдан иеленді.

Бір-екі күннен кейін «Астана» келесі ойынын өткізеді. Осы сенбіде ВТБ Бірыңғай лигасы аясында елордалық клуб биылғы маусымның көшбасшысы атанған ресейлік «Химки» клубын қабылдауда.

Матч 8 ақпанда республикалық «Сарыарқа» велотрегінің залында өтеді. Матч 16.00-де басталады. Кіруі тегін.

www.bcastana.kz


Бөлісу: