Жаңалықтар
Велоспорттан ҚР Чемпионаты өтіп жатыр
10 тамыздан 15 тамызға дейін «Сарыарқа» республикалық велотрегінде велоспорттан Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтіп жатыр. Сайысқа Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласының 118 спортшысы қатысуда.
Осы жолғы Чемпионатта 2010-2011 жылы туған юниорлар мен юниор қыздар бақ таластырып жатыр. Демек, сайыс әдеттегіден қызу әрі қызықты деген сөз. Спортшылар велоспорттың спринт және темп түрлері бойынша сынға түсуде.
Спринт жарысында спортшы қысқа уақыттың ішінде максималды жылдамдыққа жетіп, мәре сызығын кесіп өтуі керек. Бұл жарыс спортшылардан реакция жылдамдығын ғана емес, сонымен қатар жылдамдықты бірден алуға мүмкіндік беретін күшті талап етеді. Чемпионаттың алғашқы күндерінің өзінде-ақ «Сарыарқа» велотрегінде спринт спортшыларға оңайға соқпауда.
Темп немесе жеке сайыста велошабандоз жарыс бойы жоғары қарқынды ұстап тұруы керек. Велоспорттың бұл түрінде бір-бірден жарысады, белгіленген қашықтықты неғұрлым тезірек еңсеріп, мәре сызығына жылдам жету маңызды болып табылады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың дайындығы жоғары екендігі көрініп тұр. Алғашқы күндердің өзінде мықтылықтарын көрсетіп жатыр. Жарыс әлі жалғасуда. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!